Түркістан оазисінің тарихи-мәдени нысандары тілшілерге таныстырылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан оазисінің туристік әлеуетін зерттеу жобасы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Облыстық туризм басқармасының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған шарада тілшілерге өңірдегі бірегей тарихи-мәдени нысандарымен оның ішінде аз зерттелген тарихи орындар таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Түркістан облысының тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар археологиялық және сәулет ескерткіштерінің саны 1663 нысанды құрайды. Олардың ішіне халықаралық маңызы бар ескерткіш- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 31 ұлттық және 421 жергілікті маңызы бар, сондай-ақ алдын ала жазбалар тізіміне 1210 тарихи-мәдени мұра енгізілген. Археологиялық нысандар арасында Күлтөбе қалашығын ерекше атап өтуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2020 жылғы 28 қыркүйектегі Түркістан қаласына жасалған сапарының қорытындысы бойынша жалпы ауданы 27 га учаскеде археологиялық және консервациялық-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп жатқан «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру жөніндегі жоба таныстырылғаны белгілі. Бұл ретте қалашықтың барлық алаңы әрқайсысы 9 га-дан 3 учаскеге бөлінген. Бүгінгі таңда жұмыстар 18 гектарға жүргізілген. Болашақта бұл абаттандырылған археологиялық саябақ, жаяу жүргіншілер көшесі, жабық күмбез болады деп жоспарланып отыр. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен негізгі демеушісі болып табылатын Eurasian Resources Group (ERG) өнеркәсіптік компаниясы және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС (соңғысы «QazaqGeography» РҚБ-ның стратегиялық серіктесі болып табылады) арасындағы Өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асырылады.

«Күлтөбе қалашығын ауқымды Еуразия халықтары мәдениеттерінің ықпалдасу және өзара ықпалдасу үдерістерін зерттеудегі негізгі ескерткіш ретінде жалғасып жатқан ғылыми зерттеулер Түркістанның түркі әлемінің көне киелі орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түседі. Сонымен қатар, Жапониядағы Ёсиногари, АҚШ-тағы Паркин, Блисбрук - Рейнхейм еуропалық археологиялық паркі сияқты әлемнің әйгілі археологиялық парктері үлгісімен көптеген туристерді тартатын болады», - деп атап өтті Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының (ҚазҒЗМИ) бас директоры және қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Андрей Хазбулатов.

Ал, облыстық Туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның айтуынша, Түркістан қаласын Түркі әлемінің мәдени және рухани астанасы, Орталық Азиядағы халықаралық туризм мен қажылық орталығы ретінде дамыту бүгінгі таңда туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.

«Бірегей сәулет-тарихи және археологиялық ескерткіштері, сондай - ақ таңғажайып табиғаты мен өзіндік мәдениеті бар Түркістан облысы туризмді ұлттық және халықаралық деңгейде дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Мәселен, Күлтөбе қалашығында табылған барлық заттардың тарихи және мәдени маңызы зор саналады. Өйткені ол - I ғасырдан XIX ғасырға дейінгі түрлі тарихи кезеңдерде қала тұрғындарының материалдық, экономикалық өмірінің айғағы. Бұған 2020 жылдың далалық маусымында Күлтөбе қалашығында ҚазҒЗМИ-дің «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру« жобасы аясында табылған сирек кездесетін және қызықты артефактілер қойылған көрмеде болған Нұрсұлтан Назарбаев та көз жеткізді», - дейді Гүлмира Ахбердиева.

БАҚ өкілдері Күлтөбеде ұсынылған әрі оның үздіксіз тарихын көрсететін, қаңлы дәуірінен бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі барлық бірегей ескерткіштермен танысты. Қазақстандағы жалғыз жақсы сақталған ескерткіш – ежелгі қала мәдениетінің куәгері екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, баспасөз турына қатысушылар Қарнақ ауылының батыс шетінде орналасқан, VII – VIII-XIV ғасырларға жататын Қарнақ қалашығына барды. Ескі мазар аумағына, мыңжылдық Мажратут тұт ағашын көрді. «НЭПА» ғылыми-эксперименттік практикалық археология « ЖШС директоры Руслан Шербаевпен кездесіп, жоспарланған археологиялық жұмыстармен танысты. Қарнақ ауылындағы «18-19 ғғ.Шаммат-Ишан мешіт-медресесі« мұражайын аралады. Оларға көптеген тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың сақталуы мен туристердің келуіне қолжетімді болуы тиістігі туралы ақпараттар айтылды.

«Аталған жоба еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда. Оған сәйкес Еуразиялық топтың мүшелерімен үш бағыттан тұратын ғылыми археологиялық реставрациялық жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ЮНЕСКО-ның заманауи материалды қолданбау, аутентификациясын сақтау, түпнұсқасын жұмыс барысында реставрация кезінде ежелгі технологияны сақтау негізге алынған. Құрылыс балшықтан жасалып, онда бірқатар ғылыми жұмыстар жүргізілді. Біздің топ бірнеше нысанды анықтап, оларды қайта қалпына келтірдік», - дейді Андрей Хазбулатов.

Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев те арнайы қатысып, тарихи орындарды кеңінен танымал етудің маңыздылығын атап өтті. Қазақ тарихы үшін орны бөлек нысандардың одан ары дамуына жергілікті билік тарапынан көңіл бөлініп, атқарылған жұмыстың нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай екенін жеткізді.

«Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері өте қарқынды даму үстінде. Бүгінде облыстың әлеуметтік маңызын дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданды. Соның аясында өңірдегі туризмнің дамуына 320 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып, 30-дан астам жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек туризмнің дамуы бойынша мемлектетік бағдарлама қабылданып, оның аясына 10 туристік нысан енгізіліп отыр»,- деді Мейіржан Мырзалиев.

Айта кетейік, «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі 2013 жылдың 16 қазанында құрылған. Аталған бірлестік мүшелері география мен сабақтас ғылымдарды зерделеу және танымал ету мен ғылымға, білімге және қоршаған ортаны сақтауға жәрдемдесу барысында ауқымды жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, табиғатты қорғау қызметіне қатысуда, еліміздің табиғи, тарихи және мәдени мұрасын танымал етуге де атсалысып жүр. Қазақстанда туризмді дамыту үшін еліміздің бірегей тарихи-мәдени және географиялық нысандарына назар аударуға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруда.

Жарияланған күні: 23.10.2020

Көрулер саны: 616