Түркістанда қазба жұмыстары кезінде ортағасырлық жәдігер табылды

Түркістанда қазба жұмыстары нәтижесінде ортағасырлық жәдігер табылды, хабарлайды «Хабар 24».

«Ханака» деп аталатын кешен сопылық ағым өкілдерінің өмір сүру ұстанымдарын көрсетеді. Қазір қазба барысында табылған нысанға ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Күлтөбе қалашығынан табылған кешен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 200 метр қашықтықта орналасқан. Бұл аумақ «Ханака» деп аталады. Ғалымдардың айтуынша, бүкіл Орта Азиядағы сопылық ілімнің отаны саналады. Бұдан бөлек, қазба жұмыстары барысында осы жерден жеті адамның сүйегі қазып алынды.

Ерлан Казизов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет иниститутының ғылыми қызметкері: - Мұнда 7 мүрде табылды. Олар қағбаға емес, керісінше,солтүстікке Яссауи кесенесіне қарап жерленген. Бұл жерленген адамдардың сопылық ағымның өкілдері екенін дәлелдейді. Мұнда құжра, сопылар жиналып кеңесетін айван бар. Олар осында өмір сүріп, құлшылық жасаған.

«Ханака» кешені XV-XIX ғасырларда сопыларға қызмет еткен. Мұнда жатын орын, асхана, жуыну бөлмесі мен кеңесетін орындар болған. Сондай-ақ бұл жерден орта ғасырда жасалған керамикалық заттардың қалдығы мен теңге-тиындар табылды.

Бақытжан Нұрханов, «Әзірет Сұлтан» мәдени қорық мұражайы директорының орынбасары: - Жерленген адамдардың сүйегі қазір антропологиялық зерттеуден өткізіліп жатыр. Ол бойынша Әзірет Сұлтанға туыстық қатысы бар ма, жоқ па соны анықтаймыз.

Күлтөбе қалашығында 2018 жылдан бері қазба жұмыстары жүріп жатыр. Ғалымдар мұнда табылған заттар мен көне жәдігерлер Түркістан қаласының 3 мың жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отырғанын айтады. Қазір зерттеу және қазба жұмыстары жалғасуда. Бүгінде қалашықты қалпына келтіруге 200-ге жуық маман жұмылдырылған. Ғалымдар алдағы уақытта бұл маңнан бұдан да құнды дүниелер табылатынына сенімді.

Жарияланған күні: 07.08.2020

Көрулер саны: 902