Соңғы 5 жылда республикадағы мәдени нысандардың саны екі есеге жуық азайған. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңына енгізілетін жаңа өзгерістер мен түзетулердің жобасын талқылау кезінде де ашық айтылды. Біз осыған орай ауылдағы мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын қайта жандандыру жолдары туралы сарапшылардан сұраған едік.
Ерлан САЙЫРОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Бізге бүгінгі таңда халықтың санын ұлғайту және сонымен бірге «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей адам капиталын дамыту үшін ең бірінші ауылдық деңгейдегі инфрақұрылымды дамыту керек. Бұл – толыққанды интернет, мәдениет үйі және медициналық амбулаториялық мекемелер. Осы үш мәселені шешу Қазақстанның барлық ауылдарындағы өмір стандартын басқа деңгейге өсірудің алғышарты.
– Сондықтан менің ойымша үкіметтік деңгейде бүкіл ауылдардағы мәдени ошақтардың стандарттары қабылданып, бәрі соған сәйкес болуы керек. Бұл стандарттарда мәдени ошақтар біріншіден интернеттің қолжетімділігі, екіншіден бүгінгі таңдағы мультимедиа болсын немесе электронды кітаптар болсын, жаңа ақпараттық технологияны пайданала отырып, өзіміздің дәстүрімізбен ұштастыратын болу керек. Мәдени ошақтардың осындай жан-жақты стандарттарын жасап, оны енгізсек ауылдың рухани бет-әлпетін өзгертуге, ауылдың мәдени және әлеуметтік деңгейін өсіруге негізгі алғышарт болары сөзсіз.
Андрей ХАЗБУЛАТОВ, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры:
– Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарды жаңғырту проблемасы өзекті және маңызды. Қазіргі уақытта Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты нақты осы мәселелермен айналыспайды, бірақ болашақта осындай жобаны бастауды мақсат етеді. Мәдени-демалыс мекемелері халыққа, ең алдымен жастарға, балалар мен жасөспірімдерге арналған, қарым қатынас пен демалыс аумағы болып табылатындығын, олардың алуан түрлі қабілеттерін ашуға, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білімді өсіруге ықпал ететіндігін ескерген жөн.
– Алайда, көбінесе барлық мәдени өмір, әсіресе шағын елді мекендер, дискотекалар мен ресми іс-шаралармен шектеледі. Осы мәселе бойынша алдымен әлемдік тәжірибені зерттеу қажет деп санаймыз. Мысалы, шет елдерде мәдени мекеме жұмыстары жергілікті әдет-ғұрыптар, дәстүрлер және сол жердің тарихын танытуға бағытталған. Ауылдың құрылған күні, сол ауылда тұрған, тұратын әйгілі және талантты адамдардың туған күндері қызықты іс-шаралармен атап өтіледі, көрші ауылдармен конкурстар, жарыстар, түрлі фестивальдер өткізіледі және т.б. Осындай ауылдық мәдениет өмірінің қызықты болуы жергілікті адамдардың ауылда тұруына ықпал ететін факторлардың бірі болады. Біздің мемлекет тарапынан ауылдық өмірді қолайлы жасау және жастарды тарту мақсатында: «Өңірлерді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы – 2020» және т.б. бағдарламалары қабылданған болатын. Ал біз, өз тарапымыздан ауылда мәдени өмірді жақсарту, мәдени мекемелердің жұмысын жаңғырту, жас ұрпақтардың мәдениет деңгейін арттыруға келешекте өз үлесімізді қосамыз деген үміттеміз.
Жарияланған күні: 26.01.2021
Көрулер саны: 1365