Енді міне, Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы екі жыл ішінде көркейіп, қарқынды дамып келеді. Өңірдің дамуы тек қана әлеуметтік-экономикаға негізделместен туризмді де қоса көркейту қолға алынған.
Соның бірі және бірегейі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңайындағы рухани-мәдени орталықтардың бой көтеруі.
QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы туризм басқармасының тапсырмасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бір күндік баспасөз турын ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат – журналистерге Түркістан оазисінің бірегей тарихи-мәдени нысандарын аралатып, оның ішінде аз зерттелген нысандар бойынша экскурсия жүргізу. Айта кетейік, бұл Түркістан оазисінің туристік әлеуетін зерттеу жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар.
Ең алдымен журналистер Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне маңайындағы Күлтөбе қалашығына барды.
Бірегей нысандағы қазба жұмыстары кең ауқымды түрде 2019 жылы басталған.
Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының (ҚазҒЗМИ) ғалымдары Цитадельдің жасы 2000 жылдан асатынын дәлелдеді.
Әрине, қаланың бұған дейін де түрлі атауы болған.
Археологтар ежелгі Түркістанның осы жерден басталатынын, қалашықтың төрт кезеңді қамтитынын айтып өтті.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір реставрациядан өткен қала тұр. Бұған дейін бұл қазба жұмысын археолог ғалым Ерболат Смағұлов ашқан. Бұрын бұл жерде тек төбешік қана жатқан. Қаланың түрлі атауы мен басқа да 600-ден астам қала болған. Цитадель – қаңлы дәуірі мен орта ғасырдағы түркі дәуірі, ортағасырдағы ислам діні, қазақ хандығы кезеңдерін қамтиды. Үш жылдық жобамыз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда. Жобаның негізгі міндеті үш бағыттан яғни ғылыми, археологиялық және реставрациялық жұмыстан тұрады. Мавзолей ЮНЕСКО-ның қарамағында тұрғандықтан бізге қойылатын талаптары бар. Ол заманауи материалды қолданбау, реставрация кезінде ежелгі технологияны қолдану, түпнұсқадан ауытқымай аутентификациясын сақтау. Қазір консервация жасадық. Біздің топ бірнеше нысанды анықтады. Ежелгі ордадан бай жер иеленушілерді, ХІІ ғасырдағы үйлерді қайта қалпына келтірдік. Осы орайда, QazaqGeography бірлестігіне алғыс айтқым келеді. Бәріміз бай тарихымызды танымал етуге бірлесіп, атсалысайық, - деді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының (ҚазҒЗМИ) бас директоры және қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Андрей Хазбулатов.
Күлтөбе қалашығы бұған дейін ашық аспан астында жатқан. Кейіннен үсті жабылып, қоршауға алынғаннан кейін жөндеу жұмыстары жалғаса түсті. Жалпы, цитадельді 1928 жылы Е.Массоннан бастап зерттеп анықтаған.
Қазба жұмыстарын 1972 жылы Т.Сенигова жүргізді. Біз тұрған жерді көлемі 29 метрге дейін қазба жүргізіп, ХVІІІ-ХVІІ, ХІ, Х ғасырға дейін асып түседі. Кейін қаржы жоқ болғандықтан жұмыс тоқтап қалған. Ясыны зерттеуге 1978-1984 жылдары Ерболат Смағұлов бастаған археология институты келді. Осы Ясы-Күлтөбенің шығыс бетінде алты құрылыс қабатын аштық. Ең үстіңгі қабаты ХIV ғасыр, ең астыңғысы IV-V ғасыр. Сол қазбаның нәтижесінде жергілікті қала билігі мен Мәдениет министрлігі Түркістанның 1500 жылдығын негіз қылып алып, қаланың жасын тойлады. 2010 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы қайтадан қазбаның жұмыстарын жүргізген кезде 4 жапырақты үлкен ғибадатхананың құрылысы шықты. Мұндай ғибадатхана төрт жерде кездеседі. Тараз маңында екеу, Өзбекстанда да екеу бар. Бірақ олардың сақталған қалыңдығы жарты метрден аспайды. Бірақ неге байланысты салынғанын ажырата алмаған. Біреулер оны бекініс, қамал десе, бірі зороастризм ғибадаты деп есептеген. Осы ғибадатхана дегені шындыққа сай келеді. Себебі, биіктігі 2 қабатты, І ғасырда салынған құрылыс. ІІІ ғасырда қала сыртынан қоршалады. Бірақ V ғасырда белгісіз себептермен бұзылған. Ол әлі дәлелденген жоқ. Біздің ойымызша сол кездерде шығыс жақтан кушандар т.б. халық көшіп келіп, Кушан империясын құрған. Дін бойынша соғыс болып Күлтөбедегі ғибадатхананы қиратып, көміп тастаған. Биіктігі 4, 5 метр, қабырғалары 1,72 метрге дейін барады. Сол көміп тастағандықтан қалашық керісінше өте жақсы сақталған, - деді Тұяқбаев.
Археолог ғалымның айтуынша, осыған ұқсас 14 км жерде Сейдақ ата деген жерден тағы да 5 ғибадатхананың құрылысы табылған.
Алайда олардан крест тәрізді 4 жапырақ шықпаған, бірақ кесектерінің көлемі, қалыңдығы осыған ұқсас, қалыңдығы 70 см дейін барады.
Олардың да үстінен кейін 6-7-8-9 ғасырда басқа құрылыстар түсіп кеткен.
ХIV ғасырдағы құрылыс та осы Күлтөбенің үстінде болған. Құрылысты І-ІІІ ғасырдың арасы деп есептеп жүргенбіз. Бірақ соңғы жылы айналасын ашқан кезде орда есебінде пайдаланылғандықтан, қорғанның сыртын бес бұрышты етіп қоршағанын анықтадық. Мұндай қабырғалар ежелгі дәуірге жатады және осы тектес қорғандар Түркменстан, Өзбекстан, Амудария бойындағы қалаларда көп кездеседі. Алғашқы қорғандар ғибадатханадан бұрын І ғасырда салынған. Айтайын дегенім, қаланың жасы 2160 жылға дейін барады деп ойлаймыз. Себебі, Чжан Цянь деген қытай саяхатшысы, дипломат барлаушысы сол заманда осы жерге келіп қаңлы деген мемлекетті зерттеп, осы аймақ туралы жазады. Императорға Жібек жолының бір тармағын өткізу туралы ұсыныс жасайды. 1160-1140 жылдары осы жерде алғашқы Жібек жолының бекіністері салынған, - деді археолог ғалым.
Осы күні Түркістанға 1500 жыл десе, ал бұл киелі орынның тарихы 2000 жылдан асады деген бірнеше болжам бар. Түркістан – түркі әлемінің орталығы ретінде дамыған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұған назар аударып жатқанына қуаныштымыз. Осындай ежелгі қалашыққа ішкі туризмді ғана емес, сыртқы туристерді де тартып, қызықтыра түсуіміз керек. Бірінші ғасырдан басталатын мұндай ғибадат орны өте сирек кездеседі, - деді Андрей Хазбулатов.
Әсіресе, ең төменгі қабаттарынан б.э.д. І-ІV ғасырында ерекше, бұрын кездеспеген алтын әшекей заттар, киімдерге жабыстыратын жапсырмалар, көзмоншақтар, кейінгі орта ғасыр 9-10-12, 15-16 ғасырға тиесілі ыдыстар, тиындар табылған.
Тиындар біздің эрамыздың ІІІ ғасырына жатады. 7 ғасырда түргештердің тиындары, қалғандары 12-13-14 ғасыр деп кете береді. Қақпақтың ұшында тұратын қоладан істелген құстың бейнесі, пипетка сияқты дәрі сақтауға арналған заттар табылған.
Күлтөбенің құндылығы, бірінші ғасырдан бері жай ғана балшықтан салынса да осы күнге дейін аман-есен сақталып жеткендігінде жатыр. Александр Хазбулатовтың сөзіне сенсек, Жапониядағы Ёсиногари, АҚШ-тағы Паркин, Еуропадағы Блисбрук-Рейнхейм археологиялық паркі сияқты Күлтөбе де өзінің ежелгі тарихымен көптеген туристерді өзіне тартуға бағытталған. Яғни болашақта бұл жерде абаттандырылған археологиялық саябақ, жаяу жүргіншілер көшесі, жабық күмбез бой көтеретіні сөз болды.
Пресс-тур барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев аймақтағы туризмнің дамуына 320 миллиард теңгеден астам қаржы қаралғандығын атап өтті. Өңірде туризмнің дамуы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдаған, соның аясына он туристік нысан кіреді.
Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда Түркістан қаласы өте қарқынды дамып келеді. Оған себеп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан екі жыл бұрын қабылданған тарихи шешімінің аясында Түркістан облысының әлеуметтік маңызын дамыту бойынша кешенді жоспарлар қабылданды. Туризмге 320 млрд теңге қаржы қарастырылды. Бұл жеке инвестицияның қаржысы. Қазіргі таңда 30-дан астам жобаның 10 жобасы іске қосылып, жұмыс істеуде. Өңірде 1664 тарихи мәдени жәдігер бар. 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбенің 18 гектары археологтармен игерілді, енді 9 гектарының аяқталуы күтілуде. Өз кезегінде біз QazaqGeography бірлестігіне алғыс білдіреміз. Біз туризм нысандарын әрқашан насихаттаймыз. Туристердің келуіне барлық жағдай жасалуда. Ясауи мавзолейіне келушілер саны пандемияға дейін бір миллионнан астам болса, алдағы бес жылда туристердің санын бес миллионға жеткізсек деген жоспарымыз бар. Оған біз кәміл сенеміз. Тек бірлесе жұмыс жасауымыз керек, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысында халықаралық әуежайдың техникалық құрылысы аяқталып, толыққанды жыл соңында іске қосылатынын айта кетті. Айтуынша, Қазақстан тарихында тұңғыш рет аз уақыттың ішінде салынған әуежай. Бірінші рейс қатарында Қазақстан-Стамбұл Turkish Airlines компаниясымен келісім жасалып та қойған.
Өздеріңіз білесіздер, Түркия елі Ясауи кесенесі мен тұлғасына өте қатты сыйынатыны, құрметтейтіні жасырын емес. Сол себепті, туристердің осында тарихи жәдігерді тамашалауға келуі үшін қаншама зәулім ғимараттар салынып жатыр. Жалпы, 297 гектар жер туризм обьектілеріне берілген, ол осы сіздер тұрған аймақ. Мұнда бой көтеріп жатқан тарихи-мәдени аймақтар, мүлік салығынан, корпоративтік және кеден, баж салығынан босатылады. Ол инвесторларға көмек болатыны сөзсіз, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін баспасөз турына қатысушылар Қарнақ ауылының батыс шетінде орналасқан, VII – VIII-XIV ғасырларға жататын Қарнақ қалашығындағы Ескі мазар аумағына, мыңжылдық Мажратут тұт ағашына барды.
Тағы бір ерекше айта кететін сенсациялық жаңалық, Ескі мазар аумағынан осыдан небары төрт күн бұрын зороастризм дінінен қалған бассейннің орны табылған.
Біздің жұмысымыз барлау болғандықтан Түркістан ауданындағы барлық ескерткіштерді есепке алу, қазіргі жағдайын көру. Осы барлау жұмыстарының барысында Қарнақ ауылындағы Шаммат ишан кесенесінің жанынан көне ғимарат табылды. Біздің ойымызша ол зороастризм дініне келеді. Бір қызығы бұл жерге кейіннен ислам діні келсе де қазылған бассейннің орны бұзылмай қаз қалпында сақталған. Авестада жазылғандай мұнда өздерінің діни рәсімдерін жасап, жиналатын жері болған. Зороастризмде оттан басқа, суға да табынған. Соның біреуі осы жердегі бассейн. Бұған келетін судың жолы 10 км жерге дейін сақталған. Осыған ұқсас бассейндер Иранда кездеседі. Судың өзін сүзгіден тазартып, бассейнге балық жіберіп, осында діни рәсімдерін өткізген. Осыған байланысты зерттеуімізды бастадық. Мына жол да сол кезден қалған. Жолдың бойынан 6-8 ғасыр мен 13-14 ғасырға жататын керамикалар, қорғасын, мыс, темірден жасалған заттар шығып жатыр. Күміс те табылып қалуы мүмкін. Ол әр жерден шыға бермейді. Яғни бұл жер орталық болғанын білдіреді. Тайқазанды да дәл осы жерден құйылды деп айта алмаймыз. Бірақ соны ғылыми растауға жақындап келе жатырмыз. Ал бассейн мен жолды тапқанымызға небары төртінші күн болды. Мұнда үш канал болған. Біреуі Мір, Арғын. Біздің ойымызша бассейнге суды осы каналдардың бірінен тартқан, - деді Руслан Шербаев.
Қарнақ орталық Азияның ғылым және білім ордасы болуымен қатар қолөнер кәсібі де дамыған жер. XVIII-XIX ғасырда Қарнақ кент ретінде саналып, 5 медреседе жергілікті халық сауатын ашқан. Бұқар, Ташкент, Самарқанд секілді ірі діни білім ордалары болған. Мұнда Шортанбай ақын, жазушы Мұхтар Әуезовтің әкесі Омарқан және атасы Әуез, ақын молда Мұса, жазушы Шәдібек т.б. тұлғалар білім алған екен.
ХХ ғасырдың басында халық саны 4 мыңға дейін өсіп, 27 мешіт, 5 медресе болғандығы айтылады. 1908 жылы алғаш рет мектеп ашылыпты. Соңғы рет 1999 жылы М.Тұяқбаев басшылық еткен Түркістан археологиялық экспедициясы Қарнақта Ғартөбе, Шаштөбе, Ишкент, Үштөбе т.б. археологиялық мұраларды зерттеп ғылымға енгізген.
Ағаш әлі де жыл сайын көктеп, жемісін беріп келеді. Жергілікті халық әулие тұтып келген жер туристер үшін тылсымға толы орын. Алты адамның құшағы әрең жететін ағаш Имам Бақли мазарында өсіп тұр. Ел аузындағы аңыздарға сүйенсек, Пайғамбарымыздың әскербасылары осы маңнан өтіп бара жатып, тұт ағашының шыбығын жерге қадап кеткен дейді.
Жарияланған күні: 23.10.2020
Көрулер саны: 1451