Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына сапары барысында бірқатар жаңа нысандарды аралады. Жібек жолындағы ең көне шаһарлардың бірі Түркістан бүгінде инфрақұрылымы дамыған заманауи қалаға айналып келеді.
Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала Түркістан кезінде Қазақ хандығының астанасы болғаны мәлім. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Қаланың іргетасы V-VІ ғасырларда қаланып, атауы бірнеше рет ауысты, бірнеше рет іргесі сөгіліп, бірнеше рет қайта түледі. Қазақтың тарихы, Қазақстанның тарихы Түркістаннан басталады десек те қателеспейміз. Бүгінде Түркістан – еліміздің тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың рухани күш жинауға келетін орны. Облыс орталығына айналған қалада туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан көне шаһардың жаңаруы – халықтың ізгі ниет-тілегінен туындаған өзгеріс. Иә, заманы туып, облыс орталығына айналған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналуда. Бүгінгі қарқынды құрылыс, салынған инвестиция елдің игілігі үшін атқарылып жатқан дүние екені мәлім. Ал Елбасының тарихи шешімі шежірелі шаһардың дамуына тың серпін берді. Елбасының Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес екенін, ежелгі қаланың жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсететінін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстары туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойын дәл осы Түркістанда бөліскен болатын.
Жаңа нысандар туристерді тартуға мүмкіндік береді
Елбасы Түркістанға сапары аясында алдымен халықаралық әуежайдың ашылу рәсіміне қатысты. Облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сай етіп салынған. Әуежай жалпы 900 гектар аумақты қамтиды. Терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынған халықаралық әуежай құрылысын «YDA Group» компаниясы жүргізген. Туризмнің дамуына септігін тигізетін әуежай терминалы жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежай терминалының жолаушыларды өткізу мүмкіндігі – сағатына 450 жолаушы, аумағы – 10,5 мың шаршы метр, ал ұшу-қону жолағының параметрі 3300х45 метрді құрайды. Сондай-ақ жаңа әуежай ғимараты әлемдегі ең жылдам салынған әуежай ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін екені айтылуда.
Әуежайдың туризмді дамытуға үлкен септігін тигізері аян. Ал Түркістанның Өзбекстанға жақындығын тарихи жағынан да, экономикалық жағынан да қарастыруға болады. Түркістанның интеграциялық жағдайы келісетін болса, сауданың орталығына айналмақ. Бұл орайда өткен жылы туризм саласын дамыту туралы Ташкент облысының әкімдігімен меморандумға қол қойылды, оның аясында жалпы туристік маршруттарды дамыту көзделді. Бұдан басқа «Узбекистон темір жолы» АҚ басқарма төрағасымен кездесу барысында «Түркістан-Ташкент» жоғары жылдамдықты темір жол құрылысы туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстанның ірі қалаларының арасында белгілі бір байланыс, жүйелі түрде ұйымдастырылған «туристік пакет» болса, сол туристерді тартуға болатыны айтылған-ды. Яғни Түркістанды рухани, интеллектуалды орталыққа айналдырып, ішкі туризмді де дамытуға болады. Міне, осы орайда темір жол вокзалының ішкі жүйесі де заманауи талапқа сәйкестендірілді.
Сондай-ақ Түркістанға сапарында Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен салынған «Түркістан-арена» спорт нысанын аралап көрді. Стадионның трибуналары жеті мың көрерменге арналған. Ашық аренаның батыс және шығыс трибунасы бар. Сонымен қатар акробатика, бокс және ауыр атлетика жаттығу залдары орналасқан кешен кәсіби спортшылардың дайындығына ыңғайланып салынған. Стадионның негізі футбол алаңынан, жеңіл атлетикаға арналған жабық аренадан тұрады. Осы арада айта кетелік, Елбасы аралап көрген жаңа нысан құрылысы 2019 жылдың қазан айында Қор мен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында басталған болатын. «Самұрық-Қазына» қоры әлеуметтік маңызы бар бес нысанды жуырда облыс әкімдігіне тапсырды. Яғни әлеуметтік бес нысан – атқарылған жұмыс нәтижесін көрсетеді. Нысандардың біріншісі – амфитеатр жыл басында пайдалануға берілді, қалғаны жуырда облыс әкімдігіне тапсырылды. Директорлар кеңесінің мүшесі, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов құрылыс барысында әкімдік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілгенін атап өткен болатын. Өз кезегінде облыс әкімі өңірдің гүлденуіне қосқан үлесі үшін қорға алғыс айтқан-ды. «Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында сіз басқарып отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар бес нысанның құрылысын сәтті жүзеге асырды», деді Өмірзақ Шөкеев басқарма төрағасымен кездесуде. Қор салып берген бес әлеуметтік нысанның аймақ үшін маңызы зор. Мәселен, халықтың рухани азығы үшін салынған Қожа Ахмет Ясауи атындағы музейдің экспозициясы Ясауи мұрасынан мол сыр шертеді. Жалпы, музей аумағы 3000 шаршы метрді құрайды және 3 қабаттан тұрады. Облыстың білім саласын дамытуға үлес қосатын Оқушылар сарайы Түркістан қаласындағы балаларға қосымша білім беруге бағытталған. Нысанда зертханалы экологиялық-биологиялық музей, әртүрлі секция, роботехника, нанотехнология сияқты сыныптар бар. Қор тарту еткен нысанның бірі – Конгресс-холл өңірдегі көпфункционалды жалғыз кешен. Концерт, театрландырылған қойылым және басқа да іс-шара ұйымдастыруға арналған мәдени нысанда отырыс өткізетін зал, 1000 көрерменге арналған концерт залы, 1900 шаршы метр аумақты алып жатқан көрме алаңы бар. Аталмыш ғимаратты аралап көру кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жаңарған ел – бақ қонған ел» бейнеролигі көрсетілді.
Елбасы Түркістанға сапары кезінде барған нысандардың тағы бірі Rixos Turkistan – отандық инвестор қаражатына салынған, әлемдік деңгейдегі қонақүй. Қаланың туристік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың бірі саналатын қонақүй құрылысын белгілі кәсіпкер, меценат Серікжан Сейітжанов қаржыландырған. Іргетасы Түркістан қаласының туған күніне орай қаланған 120 орынға арналған қонақүйде 3 бірдей мейрамхана, SPA салон, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес-орталықтар бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала елі» орталығында болып, «Ұлы дала металлургиясы», «Ұлы даланың атқа міну мәдениеті», «Алтын адам және аң стилі» және «Қазақстан – түркі әлемінің бесігі» атты экспозициялық кешендермен танысты. Түркістан шаһарын түлету мақсатында еліміздің әрбір облысы бір нысаннан тарту етіп отырғаны белгілі. Соның бірі Атырау облысы әкімдігі киелі Түркістан жеріне сәулет өнерінің үздігіне айналар «Ұлы дала елі» рухани орталығын тарту етті. Орталықта Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи зал ашылмақ.
Киелі қала дамудың даңғыл жолында
Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын, яғни 2018 жылғы 29 қыркүйекте Түркістан қаласын дамыту мақсатында өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдерін 26 нысанның құрылысын іске асыруға шақырған болатын. Сол жиында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетілгені, енді олар да елдің дамуына үлес қосуы керектігі баса айтылып, Түркістан қаласына қандай нысандар қажет екені айқындалды. Нақтырақ айтсақ, әкімшілік-іскерлік орталығында – 15, тәрихи-мәдени орталықта – 9, «Әзірет Сұлтан» тарихи мәдени қорығы аймағында – 2 нысан. Белгіленген жоспарға сай орындалып келеді. Мысалы, 26 нысанның өткен жылы 9-ы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда 11 нысанның құрылысы аяқталған, 4 нысан құрылысы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек, ал 2 нысан 2021 жылға өтпелі.
Атап айтар болсақ, әкімшілік-іскерлік орталықтағы құрылысы жүргізілген 15 нысанның 4-еуі, яғни облыс әкімдігінің ғимараты (BI Group), халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы), музыкалық мектеп (БҚО) және олимпиадалық резервке арналған спорт мектебі (СҚО) өткен жылы пайдалануға берілді. Ал биыл басқарма, департаменттер ғимараттары (BI Group), медиа орталық (Алматы қаласы), Нұр-Сұлтан алаңы (Нұр-Сұлтан қаласы), қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары) және «Самұрық-Қазына» АҚ тарту еткен бес нысан – Оқушылар сарайы, 7000 орындық стадион, конгресс орталығы, цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені сынды 10 нысанның құрылысы толық аяқталған. Қазір пайдалануға қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Смарт сити байланыс желілері (Қазақтелеком) құрылысын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ рухани-мәдени орталықта 9 нысанның 5-еуі өткен жылы пайдалануға берілсе, биыл Қ.А.Ясауи мұражайы құрылысы толық аяқталған. Қалған 3 нысан – әмбебап кітапхана (Шымкент қаласы), Ұлы дала елі орталығы (BI Group, Атырау облысы), драма театр (Ақтөбе облысы, Түркістан облысы) құрылысын қараша айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» қорығының айналасын абаттандыру, Күлтөбе қалашығындағы тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Елбасы журналистерге берген сұхбаты барысында бүкіл облыс әкімдеріне, компанияларға берілген тапсырманың бәрі орындалып келе жатқанын айта келе, Түркістанды дамытуға атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл елге, халыққа салған инвестиция екенін атап өтті.
Түркістанның дамуы бағытында атқарылған жұмыстар, ертеңгі жүзеге асырылар жобалар «Сапар орталығында» баяндалды. Еліміздің туристік әлеуетін жоғарылату және осы саладағы кадрлық әлеуетті арттыру бойынша Елбасы берген тапсырманың орындалу барысы туралы баяндаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2030 жылға қарай туристердің әлеуетті ағыны 3,5 млн адамды құрайтыны болжануда екенін атап өтті. «Осыны назарға ала отырып, Сіз берген тапсырманы орындау мақсатында Халықаралық туризм және спорт университеті Түркістан қаласында бой көтерді. Университет жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асатын заманауи құралдармен жабдықталған ғимараттармен қамтамасыз етілген. Олар: шығыс стилінде жасалған бас корпусы, жатақханасы бар оқу ғимараты және спорттық жаттығу орталығы. Биыл 588 студент білім ала бастады. Олардың 22-сі «Алтын белгі» иегері, 45-і халықаралық спорт жарыстарының жүлдегері. Бірінші жылы университетте 11 ғылым және PhD докторлары, 5 «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен 4 шетелдік профессор онлайн режімінде сабақ беріп келеді. Стратегиялық серіктестік орнату мақсатында жетекші университеттердің үздік әлемдік тәжірибесі негізінде нарықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, Аустрия, Сингапур, Түркия, Малайзия сияқты бірқатар елдегі танымал шетелдік білім беру мекемелерімен келісім жасалды», деді министр. Сонымен қатар министр тәжірибеге бағытталған білім беру әлеуетін арттыру үшін Елбасы тапсырмасымен салынған туристік инфрақұрылымдық объектілерде және беделді туристік ұйымдарда университеттің түлектері келісімшарт негізінде жұмыс атқаратынын айтып өтті. БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік Туристік Ұйымның Испания мен Португалиядан кейінгі әлемдегі үшінші Халықаралық білім беру орталығын Түркістанда құруы туралы келісім – маңызды жетістіктердің бірі. Министрдің мәлімдеуінше, келісім аясында студенттер мен оқытушылар алмасуы, ғылыми-зерттеу орталығын құруы және Халықаралық TedQual UNWTO стандарты шеңберінде білім беру бағдарламаларын сертификаттауға мүмкіндік береді. Осылайша, қосарлы білім беру, тәжірибеге бағытталған оқыту, тіл орталығы, қос дипломды бағдарлама сияқты заманауи әлемдік үздік әдістерді қолдану – түлектерге теориямен қатар терең практикалық білім алуға және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жол ашады.
«Сапар орталығында» сөз алған Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов облыс орталығын, туризмді дамыту бағытында қолға алынған жобаларға тоқталды. Олардың қатарында «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені» тау инфрақұрылымының жобасы да бар екенін айтып өтті.
Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда саммит, музыкалық фестиваль және жастар форумын өткізу керегін айтты. «Бүгін біз Түркістандағы жаңа нысандармен таныстық. Бұл нысандар қаланың көрікті орнына айналып, қала тұрғындарын, қазақстандықтар мен әлемдік туристерді тартуға мүмкіндік береді. Түркістандағы ауқымды құрылыс Қазақстандағы халық тығыз қоныстанған өңірдің дамуына жаңа экономикалық серпін береді. Қаланың 163 ірі нысанының құрылысына 450 миллиард теңге тікелей инвестиция тартылды», деді Елбасы. Сондай-ақ Н.Назарбаев соңғы жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны 20 пайызға артқанын, биылғы жылдың қорытындысы бойынша қалада 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтып өтті. «Мен мұнда саммит болады деп ойлағанмын. Алайда әлемдегі жағдайға байланысты ол кейінге қалдырылды. Егер бәрі жақсы болса, біз наурызға қарай осы саммитті өткіземіз», деді Елбасы журналистерге. Сонымен қатар Н.Назарбаев қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті. «Біз мұнда ЕАЭО мемлекеттері басшыларының саммитін және Ресей – Қазақстан өңіраралық саммитін өткізуге дайындалуымыз керек. Мұнда жыл сайын музыкалық фестивальдар, жастар форумдарын өткізу қажет. Түркістанды тезірек таныту керек. Бұл – тарихи қала, түркілердің қаласы. Түркістан – шамшырағы қайта жанған көне шаһар», деп түйіндеді сөзін Н.Назарбаев.
Жарияланған күні: 29.09.2020
Көрулер саны: 1416