• Күлтөбедегі археологиялық парк тарихтың жаңа беттерінен хабардар етуге қауқарлы

Күлтөбедегі археологиялық парк тарихтың жаңа беттерінен хабардар етуге қауқарлы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осы атаулы күн қарсаңында Орталық-Азиялық зерттеулер халықаралық институтының жетекші маманы, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының консультанты, архитектор Алим Фейзулаевпен әңгіме болған еді. Әңгіме барысында Күлтөбенің археологиялық ескерткіштерін сақтау, қалпына келтіру бағытындағы ежелгі қалажұртының аумағында жүргізіліп жатқар жұмыстар туралы сөз болды. Еске сала кетейік, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстарына Еуразиялық Топтың қаржылық қолдау көрсетіп келеді.

- Ең алдымен Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын ғылыми қалпына келтіру процесі туралы айтсаңыз? - Жалпы консервациялауға және қалпына келтіруге қатысты «ғылыми» деген анықтама қолданылмауы да мүмкін. Кәсіби стандарттарға, ұлттық және халықаралық нормаларға сәйкес орындалатын жұмыс әдетте ғылыми негізделген процесс болып табылады және оған басқа тәсілді қолдану мүмкін емес. Алайда, өкінішке қарай, қалпына келтіру керек болатын кез-келген жобаны ғылыми деп атауға болмайды. Күлтөбе қалажұртына келсек, археологиялық орындарды сақтау және ішінара қалпына келтіру көптеген процесстен тұратынын ескеру керек. Яғни, бұл дегеніңіз - археологиялық және мұрағаттық-библиографиялық зерттеулерден бастап олардың нәтижелерін көпшілікке ұсынуға дейінгі кезеңдерді қамтитын күрделі және көп қырлы процесс. Бұл жұмыстардың түпкілікті мақсаты – Түркістандағы ежелгі қала құрылысының кезеңдерін қарапайым көпшілікке ұсыну, көрсету, түсіндіру. Өздеріңізге белгілі, ұзақ жылдар бойы Түркістандағы ескі қаланың басым бөлігі зерттелмеді. Ал кейіннен ҚазҒЗМИ әзірлеген тұжырымдама мен қазір жүзеге асып жатқан археологиялық паркты ұйымдастыру бірқатар білім беру және әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешуге көмектеседі.

XIX – ерте XX ғғ. тұрғын үйдің қабырғалар фрагменттерін ғылыми консервациялау және ішанара қалпына келтіру

- Бұл жобадағы сіздің рөліңіз қандай?

- Жалпы мен 2020 жылы археологиялық нысандарды консервациялау және қалпына келтіру кезінде консультант болдым. Сондай-ақ техникалық қадағалау процестеріне белсенді түрде қатыстым. Жобаның құжаттамасында көрсетілген консервациялау әдістері солтүстік-шығыс бөлігінде фондық археологиялық жерлерде өңделді. Тоғыз басты нысан, соның ішінде I–II ғасырлардағы құрылымдар, бірқатар ғимараттар бар ерте және бергі орта ғасырлардың, тас төселген көшелердің фрагменттерінен тұратын Күлтөбе қалажұртының шикі архитектурасының ескерткіштерін сақтау бойынша консервациялау және қалпына келтіру жұмыстары №1 археологиялық аймақта жүргізілді.

- Қалажұрттың тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары барысында технологиялық тәсілдерді өзгерту керек болды ма?

- Жоқ, тек консервациялау материалдарын дайындау мен қолдану әдістері жетілдірілді.

- Сіздің ойыңызша, Күлтөбенің ғылыми қалпына келтірілген археологиялық ескерткіштері қанша уақытқа шыдайды?

- Мерзім сайын жасалып тұратын күтімдерді, кейіннен жасалған жөндеулерді толығымен алмастыратын шикі архитектураны сақтау әдістері әлі табылған жоқ. Сондықтан да, біз қазіргі күні археологиялық нысандарды тек қорғашаған ортаның негативті әсерінен, эрозиядан, артық ылғанданудан максималды қорғауға ғана әрекет етеміз. Яғни, даладағы ескерткіштерді арнайы жасалған шатыр астында орналастыру ғана. Бірақ осының өзі де ескерткішті 100% қорғай алмайды. Сол үшін де Күлтөбеде консервациялаудан өткен ескерткіштер бірнеше жыл сайын мұқият бақылау мен күтіп ұстауды қажет етеді.

- Әдемі етіп көрсету үшін реставраторлар кейде шындықты ысырып, түпнұсқаны сақтамайтын жағдайлар кездеседі. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

– Күлтөбедегі тарихи ескерткіштерді сақтау процесінде нысан мен қаланың өткен тарихы туралы мәліметтер жиынтығын қамтитын түпнұсқа немесе шынайы деректі қамтитын материалды сақтау барынша қаперге алынды, тіпті бұл басты міндет болды. Қабылданған шаралар қайтымды болып табылады. Мысалы, кейін оны зерттеу қажет болып жатса, оның сақтау қабаттарын ескерткішке көп зиян келтірмей алып тастауға болады.

- ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын орналасқан жобаны орындаушыларға халықаралық конвенцияларды сақтау бойынша белгілі бір міндеттемелер жүктелді. Бұл бағытта не істелуде?

- Күлтөбенің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің буферлік аймағында орналасуынің өзі жобаның орындаушысы ретінде ҚазҒЗМИ-на әу бастан-ақ ерекше жауапкершілік жүктеді. Жұмысты жоспарлау кезінде 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі конвенцияның ережелері және оны іске асыруға арналған жедел нұсқаулықтар ескерілді. Сонымен қатар, әртүрлі, соның ішінде ICOMOS - Халықаралық ескерткіштер мен көрнекі жерлерді сақтау жөніндегі кеңес әзірлеген жарғылар мен халықаралық құжаттарға ерекше назар аударылды. Оларға 1964 жылғы Венеция хартиясы, 1990 жылғы Археологиялық мұраны қорғау және басқару жөніндегі ICOMOS хартиясы және 2017 жылғы қоғамдық археологиялық орындарды басқару жөніндегі Салал нұсқаулығы кіреді. Бұл құжаттар ескерткіштердің түпнұсқалығын сақтау, жәдігерлерді тарих пен мәдениет ескерткіштеріне айналдырудың ажырамас процесі туралы қамқорлық принципіне, сондай-ақ олардың шынайылығының айрықша көрсетілуіне негізделген.

- Сіз Түркістанда жүзеге асырылып жатқан ашық аспан астындағы «Күлтөбе қалажұрты» археологиялық паркінің әлеуетін қалай бағалайсыз?

- Археологиялық парктің әлеуеті өте зор. Іс жүзінде Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби археологиялық парктің біріне айналады. Оның жергілікті тұрғындар мен Түркістан қонақтарын қала мен ел тарихының жаңа, бұрын зерттелмеген беттері туралы хабардар етудегі рөлі де айрықша деп есептеймін. Сонымен қатар, архерологиялық парк тарихи-мәдени мұра нысандарын басқарудағы жаңа тәсілдерді дамытуға көмектеседі және қаланың, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді деп күтілуде.

Дата публикации: 19.04.2021

Количество просмотров: 27