XIII-XVI ғғ. қоғамдық құрылыс

Қоғамдық құрылыс күйдірілген кірпіштен  тұрғызылған. Алғашқы нұсқа бойынша мамандар, мұсылмандық мешіт деп анықтаған. Құрылыс қалажұрттың орталық көшесінде орналасқан және XIII-XVI ғғ. жатады.  Құрылыстың орталық бөлмесінде тас бағанның үш негізін тапқан. Осындай бағандар және мықты фундамент үлкен ауданы бар екі қабатты ғимараттар үшін ғана жасалған.

Баған негіздерінің бірінші қатарының арасындағы қашықтық 530-580 см, бағандардың екінші қатарының ұзындығы 330 см. Бір бағанның негізі жоқ, құрылымды бөлшектеу кезінде алынып тасталған деген болжам бар.

Орталық залға кіреберіс оңтүстік-шығыс жағынан есік арқылы өтеді.  Оңтүстік жағындағы шаршы тәрізді пішінді бөлмелерге  шығыс және солтүстік жақтардан тұғырлар (суфылар) жалғасқан, шығыс жағынан негізі күйдірілген кірпішпен қапталған өлшемі 340x340 см пилон жасалған. Батыс жағында да өлшемдері 340 х 340 см болатын алаң бар.

Ғимараттың ауласында сардаба типті құрылым - су жинауға және сақтауға арналған су қойма жасалған. Мұндай су қоймалары Орта Азияда кең таралған және гидротехниканың барлық талаптарына сәйкес салынған. Олар жаңбыр және қар суын жинауға арналған болатын. Ал сардабаның жоғарғы жағы  күйдірілген кірпіштен жасалған желдетуге арналған тесіктері бар үлкен күмбезбен жабылған.

Бұл құрылым XIII-XVI ғасырларға жатады.